Ozat қоры

Teacher Research Grant 2026

“БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ

“Білім-Инновация” Халықаралық қоғамдық қоры (БИҚ) 2026 жылға арналған Мұғалімдердің ғылыми-зерттеу гранттарына (Teacher Research Grants – TRG) өтінім қабылдау жариялағанын қуана хабарлайды. Бұл бағдарлама білім беру саласында түпнұсқалық зерттеу жүргізетін жас ғалымдар мен мұғалімдерді қолдауға бағытталған.

1. Гранттың мақсаты

Бағдарламаның негізгі мақсаты – мұғалімдер арасында тәжірибеге негізделген ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту және мектептер мен қауымдастықтарда өлшенетін әлеуметтік әсері бар дәлелге сүйенген инновацияларды ілгерілету.

Мұғалімдерге білім беру саласына қатысты тақырыптарды зерттеу ұсынылады. Зерттеу бағыттарына мінез-құлық тәрбиесі, құндылыққа негізделген білім беру, оқыту мен оқу үдерісі, оқу бағдарламасын әзірлеу, инклюзия және білім беру саласындағы көшбасшылық сияқты тақырыптар кіруі мүмкін. Алайда өтініш берушілер осы тақырыптармен шектелмей, білім беру саласына қатысты өзге де өзекті бағыттарды ұсына алады1.

2. Қаржыландыру және зерттеу тақырыптары

Грант сомасы зерттеу тақырыбының бағытына байланысты өзгереді:

  • 1 000 000 теңге — мінез-құлық тәрбиесі, құндылыққа негізделген білім беру немесе осыған ұқсас тақырыптарға арналған зерттеулер үшін;
  • 500 000 теңге — білім беру саласындағы басқа тақырыптарды қамтитын зерттеулер үшін.

Грант қаражаты жобаға байланысты барлық шығындарды өтеуге бағытталуы тиіс, соның ішінде:

  • зерттеу шығындары (деректер жинау, материалдар және т.б.);
  • 2026 жылдың күзіне жоспарланған, Алматы қаласындағы SDU университетінде өтетін «Building Cultural Bridges» атты 12-ші халықаралық конференциясына2 (ICBCB) қатысуға арналған жолақы, тұру және конференция алымдары;
  • ғылыми журналдарға мақала жариялауға арналған төлемдер (қажет болған жағдайда).

3. Жобаның ұзақтығы және күтілетін нәтижелер

Жобаны іске асыру кезеңі: 2026 жылғы 1 қаңтар – 2026 жылғы 31 қазан.

Грант мерзімі аяқталғанға дейін грант иегерлері келесі нәтижелерді ұсынуы тиіс:

  • өз зерттеу нәтижелерін «Building Cultural Bridges» атты 12-ші халықаралық конференцияда (ICBCB) ұсыну;
  • өздерінің зерттеу мақаласының толық нұсқасын Scopus базасында индекстелген журналға немесе Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті3 (ҒЖБССҚК) ұсынған журналға жолдау (мақаланы жіберу мерзімі – 2026 жылғы 30 қыркүйек);
  • мақаланың қолжазбасына қатысты БИҚ ғылыми зерттеу бөлімі тарапынан жазбаша пікір алу (жариялауға дейін);
  • жобаның негізгі нәтижелерін жинақтайтын қорытынды есепті ұсыну4.

4. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар

Өтінім беруге құқылы үміткерлер – жалпы орта және техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын орта мектептердің және білім беру ұйымдарының мұғалімдері, олар:

  • магистр дәрежесіне ие немесе магистратура бағдарламасында оқуын жалғастырып жатқан болуы тиіс;
  • БИҚ желісіне кіретін мектепте немесе оған қарасты басқа білім беру ұйымында жұмыс істейді;
  • өз кәсіби контекстінде шағын ауқымды, әдістемелік тұрғыдан негізделген зерттеу жүргізуге дайын екенін жазбаша ұсыныста (1-қосымша) дәлелдейді.

Өтінім берушілер жеке өздері де, сондай-ақ өз білім беру ұйымының немесе өзге ұйымдардың әріптестерімен бірлесіп те өтінім бере алады.

5. Өтінімге қойылатын талаптар

Өтінімдер төмендегі жағдайларда қарастырылмайды:

  • өтініш беруші немесе оның өтінімі белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда;
  • зерттеу ұсынысы толық емес, сәйкессіз немесе дұрыс емес ақпаратты қамтыған жағдайда;
  • өтінім ресми мерзімнен кейін тапсырылған жағдайда;
  • өтініш беруші БИҚ жүйесіне қарасты білім беру ұйымында жұмыс істемеген жағдайда.

6. Бағалау өлшемшарттары

Зерттеу ұсыныстары төмендегі өлшемшарттар бойынша бағаланады:

  • зерттеу тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік маңыздылығы;
  • ұсынылған зерттеудің анықтығы, жүзеге асыру мүмкіндігі және әдістемелік негізділігі;
  • зерттеу нәтижелерінің білім беру тәжірибесіне ықпал ету әлеуеті;
  • зерттеу нәтижелерін тарату және жариялау жөніндегі міндеттемелер.

7. Өтінімді ұсыну тәртібі

Өтініш берушілер өтінімді 1-қосымшада берілген ресми нысан арқылы тапсыруы тиіс. Әр өтінімнің құрамында келесі құжаттар болуы қажет:

  • толық толтырылған Өтінім нысаны (1-қосымша);
  • өтініш берушінің (немесе өтініш берушілердің) екі беттен аспайтын түйіндемесі (резюме);
  • магистр дәрежесінің дипломының көшірмесі немесе магистратура бағдарламасында оқып жатқанын растайтын құжат.

Толық өтінімдер PDF форматында электрондық түрде k.baikenov@bil.edu.kz электрондық поштаға 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін жіберілуі тиіс. Кеш тапсырылған немесе толық емес өтінімдер қарастырылмайды. Электрондық хаттың тақырыбында “TRG Proposal” деп көрсету қажет.

8. Сараптамалық бағалау және шешім қабылдау үдерісі

Барлық ұсыныстар БИҚ Сараптамалық комитеті тарапынан қаралады. Сараптамалық бағалау нәтижелері өтініш берушілерге жеке тәртіппен электрондық пошта арқылы 2025 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірілмей хабарланады. Таңдап алынған үміткерлер жобаның шарттары мен міндеттемелерін айқындайтын қысқаша гранттық келісімге қол қоюы қажет болуы мүмкін.

9. Этика және зерттеу адалдығы

Грант иегерлері өз жобалары барысында академиялық адалдық пен этикалық нормалардың ең жоғары стандарттарын сақтауға міндетті. Барлық зерттеулер KERA этика кодексіне5 сәйкес жүргізілуі тиіс.

Егер жоба адам қатысушыларын (мысалы, сауалнамалар, сұхбаттар және т.б.) қамтитын болса, өтініш беруші төмендегілерді қамтамасыз етуі қажет:

  • қатысушылардың ерікті және хабардар келісімі;
  • құпиялылықты сақтау және деректерді қорғау;
  • қажет болған жағдайда тиісті мектеп әкімшілігінің немесе этикалық комитеттің рұқсатын алу.

10. Мерзімдер және байланыс ақпараты

  • Зерттеу ұсыныстарын тапсырудың соңғы мерзімі: 2025 жылғы 1 желтоқсан.
  • Бағалау нәтижелерін жариялау күні: 2025 жылғы 10 желтоқсан.
  • Жобаны іске асыру кезеңі: 2026 жылғы 1 қаңтар – 2026 жылғы 31 қазан.

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс: Канат Байкенов, электрондық пошта: k.baikenov@bil.edu.kz

Ескертпелер

  • БИҚ ғылыми-зерттеу бөлімі қаржыландырылған барлық жобаларға үйлестіру, ғылыми жетекшілік және нәтижелерді тарату бойынша қолдау көрсетеді.
  • ICBCB 2026 – SDU университеті ұйымдастыратын халықаралық конференция. Конференцияның мақсаты – түрлі бағыттағы магистранттар, зерттеушілер және тәжірибешілер арасында өзара пікір алмасу мен ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ білім беру саласына қатысты зерттеу нәтижелерін талқылауға және ілгерілетуге арналған ашық платформа құру.
  • Барлық жарияланымдарда БИҚ немесе БИЛ ұйымымен аффиляция (қатыстылық) көрсетілуі тиіс. ҒЖБССҚК ұсынған журналдардың тізімін келесі сілтеме арқылы табуға болады.
  • Жобаның қорытынды есебі үшін арнайы нысан (үлгі) ұсынылады.
  • KERA этика кодексімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады.